Январь 17, 2016
Қарызданып қалудан қауіптенеді
Автор: Н.ШӘКІМ
Қызылорданы жарықпен қамтып отырған «Энергосервис» еншілес жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығы «бірер жылда банкроттық жағдайға душар боламыз ба?» деп алаңдап отыр. Оған мекеменің жыл басынан бері 405 млн. теңгеге қарызданып қалуы себеп. Бұл - тұрмыстық тұтынушылардың 85 пайызының ең төменгі 13,92 теңгені құрайтын тарифпен төлем жасауының негізінде орын алып отырған жағдай. Тарқатып айтар болсақ, жеке тұлғаларға сараланған тарифті тұтыну көлемі бойынша тұрғындардың бәрі шекті мөлшерден аспайды екен. Бұл электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік бергенімен, мекеменің қаржылық жағдайына кері әсерін тигізіп отыр.
Бұған дейін де электрмен жабдықтаушы «ҚызылордаЖарықСервис» ЕМКК, «Сыр жарығы» ЖШС сияқты ұйымдар дәл осы мәселеден таршылық көріп, бірінен соң бірі жабылған болатын. Мәселен, «ҚызылордаЖарықСервис» ЕМКК-ның небәрі 3 жыл ішіндегі қарызы 1,5 млрд. теңгеге жетіп жығылса, «Сыр жарығы» ЖШС-нің қарызы 1,4 млрд. теңгеден асып кеткен. Қазіргі таңда нарықта жұмыс жасап отырған серіктестік алдыңғы екі ұйым сияқты қарызданып қалудан қауіптенуде. Бұл проблеманы бір ізге салу үшін төлем жүргізу тәртібін қайта қарап немесе тарифтің құнын шарықтатып жіберуден басқа амал болмай тұр. Өткен аптада облыс әкімдігінің баспасөз орталығында БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізген аталмыш серіктестіктің басшысы Еркебұлан Есенбаев жарықтың бағасына қатысты бас қатырып жүргенін жеткізді. Оның айтуынша, тарифтің орташа бағасы 16,04 теңгені құрайтындықтан, әрбір тұтынушыдан қабылданатын төлем 2,12 теңгедей шығын әкеліп отырғанға ұқсайды.
- Мұндай мәселенің бір жүйеге келтірілмеуі жергілікті билікке де, біздің серіктестік жұмысына да қатысы жоқ. Бұл электр энергиясын босатудың тарифтік құнының ішкі тәртібіне қатысты орын алып отыр. Осының негізінде, энергиямен жабдықтаушы ұйым Қызылорда қаласын үздіксіз энергиямен қамтамасыз ету мақсатында екінші деңгейлі банктерден 280 млн. теңгедей несие алып отыр. Бұл, әрине, қайтарылатын ақы болғандықтан, біздерге шығын. Алайда осы шығындарға қарамастан, бұған дейінгі энергиямен жабдықтаушы мекемелермен салыстырар болсақ, «Энергосервис» ЕЖШС 3 жылдан бері барынша тиісті жұмыстар жүргізіп келеді. Тұтынушылардың 85 пайызының төменгі тарифпен төлем жүргізуі салдарынан орын алып отырған мәселеге байланысты бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ тарифтің құнын осылай болды екен деп біздер өсіре алмаймыз. Себебі, алдымен халықтың жағдайын ойлаған жөн, - деді серіктестік басшысы.
Мекеменің қаржылық қиындықтары дебиторлық қарыздардың уақытында қайтарылмауына да байланысты болып отыр. «Жығылғанға жұдырық» демекші, тұрғындар арасында жарыққа төлем жасамайтындардың қарасы біз ойлағаннан да көп екен. Биылғы жылдың өзінде жауапкерлерден 61,5 млн. теңгедей қаражат сот шешімімен өндіріліп алынған.
- Ағымдағы жылы бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілді. Айта кетсем, тұтынушылардың қордаланған қарыздарын өтеу мақсатында жауапкерлердің электр жарықтары сөндіріліп, сотқа талап арыздар жолданып, қарызы бар тұтынушылардың тізімі газет беттерінде жарияланып, автообзвон байланыс құралы арқылы ескертпелер айтылды. Осындай шаралардың арқасында былтырмен салыстырғанда көрсеткішіміз 74,0 млн. теңгеге артық өндіріліп отыр, - деді Еркебұлан Есенбаев.
Брифингте басшы мекеменің қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарын да айтып өтуді ұмыт қалдырған жоқ. Ол серіктестіктің 2015 жылғы ауыз толтырып айтуға тұрарлық жетістіктерін тілге тиек етті. Биыл ғана биллинг ақпараттық базасы бойынша тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру үшін іске қосылған «Call» орталығының, автообзвонның атқаратын функциясына ерекше тоқталды. Сонымен бірге, электр энергетикасына төлем жүргізудегі интернет банкинг, «QIWI» терминалдарының артықшылықтарын атап өтті.
қонақ - 4,
тұтынушы - 0.